Мұнай-газ химиясының болашағы: KMG PetroChem саланың негізгі сын-тегеуріндері мен перспективалары туралы

1z5a4040.jpg                  22-ші Солтүстік Каспий аймақтық «Атырау Мұнай және Газ» көрмесі аясында «Мұнай-газ химиясындағы жаңа жобалардың перспективалары мен сын-тегеуріндері» атты пленарлық отырыс өтті. Шара барысында «KMG PetroChem» ЖШС Басқарма төрағасының  бизнесті дамыту жөніндегі орынбасары Диаз Диянов саланы дамыту бағыттары мен мұнай-газ химиясы жобаларын іске асыру жөнінде баяндама жасады.

                  2024 жылы маңызды қадам ретінде 9 млрд текше метрден астам құрғақ газды өңдеп, этан мен пропан алуға мүмкіндік беретін ГСК құрылысының ілгерілеуі аталды. EPC қатысушыларының алдын ала біліктілігі аяқталды, ал жыл соңына дейін бас мердігерді таңдау жоспарлануда. Сондай-ақ, ТФК-ПЭТФ және карбамид өндіру жобалары белсенді жүзеге асырылуда.

                 Алайда, Қазақстандағы мұнай-газ химиясы саласының табысты дамуы үшін бірқатар маңызды мәселелерді шешу қажет, деп атап өтті Диаз Диянов. Олардың қатарында шикізат базасын қамтамасыз ету, әсіресе Қашаған және Қарашығанақ кен орындарынан қажетті ресурстарды алу бар. Бұл газ өңдеу инфрақұрылымын дамытуды талап етеді. Сондай-ақ, құрылыс нормаларын жетілдіру маңызды, себебі жобалық құжаттаманы ұлттық стандарттарға бейімдеу ірі инвестициялық жобалардың іске асырылуын баяулатады.

                  Мұнай-газ химиясы өнімдерінің ішкі нарығын дамыту және полимерлерді өңдеуді ынталандыру мәселелері де өзекті болып отыр. Бұл өндірісті кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, сала білікті мамандардың тапшылығын сезінуде. Бұл мәселені шешу үшін білім беру бағдарламаларын жетілдіру және дуальды оқытуды дамыту қажет.

                  «Жоғарыда аталған мәселелер стратегиялық шешімдер қабылдауды және кешенді іс-шараларды талап етеді. Салада нарық қатысушыларының өзара байланысын қамтамасыз ететін біртұтас жүйе қалыптастыру маңызды» – деп атап өтті Диаз Диянов.

                   KMG PetroChem жаңа өндіріс қуаттарын құру және Қазақстанда тұрақты мұнай-газ химиясы экожүйесін қалыптастыру бойынша жұмыстарды жалғастыруда.

 

FaLang translation system by Faboba