KMG PetroChem Kazakhstan Energy Week 2025 алаңында: мұнай-газ химиясының келешегі
«Мұнай-газ химиясының келешегі: орта державалардың рөлі» – осындай атаумен Kazakhstan Energy Week аясында өткен дөңгелек үстелде қатысушылар саланың дамуы жолындағы орта державалардың әлеуетін, бәсекеге қабілеттілікті арттыру тетіктерін және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағыттарын талқылады. Сондай-ақ мемлекеттік саясат пен реттеу ортасының мәселелері, сондай-ақ саладағы негізгі әлемдік үрдістер – өндірісті жергіліктендіру, ESG-стандарттарды енгізу, декарбонизация, цифрландыру және кадрлық қамтамасыз етуге айрықша назар аударылды.
«KMG PetroChem» ЖШС Басқарма Төрағасы Диаз Диянов еліміз экономикасы үшін мұнай-газ химиясының стратегиялық маңыздылығын атап өтті:
«Қазақстан бірегей шикізат базасына ие, оның ішінде этан, пропан және бутан сияқты құнды фракцияларға бай. Елде қолайлы инвестициялық ахуал да қалыптасқан. Алайда біз әлі де негізгі полимерлер мен полимерлік өнімдердің импортына тәуелдіміз. Басты міндетіміз – ішкі нарықты қамтамасыз етіп қоймай, сонымен бірге халықаралық аренада бәсекеге қабілетті болу, еліміздің өз ішінде жоғары маржиналды өнім шығару және терең өңдеудің толық тізбегін қалыптастыру», – деді ол.
Өз сөзінде Диаз Диянов компанияның ағымдағы жобаларының іске асырылу барысы туралы айтып, өндірістік портфельді кеңейтуге бағытталған перспективалы бастамаларды таныстырды.
Сондай-ақ компания басшылығы Форум аясында жетекші шетелдік корпорациялар өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Келіссөздер автомобиль, мұнай-газ химиясы және тоқыма өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға арналды.
Қазақстанда полимер өндірудің өз қуаттарының болуы шағын және орта бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Бұл отандық кәсіпорындарға дайын өнімнің – тұрмыстық тауарлардан бастап, өнеркәсіптік мақсаттағы бұйымдардың кең ауқымын шығаруға жол ашады. Мұндай қадамдар жаңа жұмыс орындарының құрылуына және халықтың өмір сапасының артуына ықпал етеді.