Атырау облысында бірыңғай торапта магистральдық құбырларды (этан, пропан) салу» жобасы (бұдан әрі — МҚ жобасы)
МҚ жобасының өтініш берушісі: «KMG PetroChem» ЖШС («ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның 100% еншілес ұйымы).
Жобаның мақсаты:
- «Теңізшевройл» ЖШС объектілерінен және «Теңіз» кен орнында жобаланып отырған газ сепарациялау кешенінен (ГСК) Қарабатан «ҰИМТ» АЭА аумағында полиэтилен («Силлено» ЖШС) мен полипропилен («KPI» ЖШС) өндіретін газ-химия зауыттарына дейін магистральдық этан құбыры арқылы сұйылтылған этан фракциясын және магистральдық пропан құбыры арқылы сұйылтылған пропанды сенімді, қауіпсіз және үздіксіз құбырмен тасымалдауды қамтамасыз ету.
- қосылған құны жоғары түпкілікті газ-химия өнімін өндіру үшін жоғарыда аталған зауыттарға өнімді сепарациялау/өндіру, оны құбыр арқылы тасымалдау бойынша бірыңғай технологиялық тізбекті (ГСК жобалары — МҚ – Полиэтилен) құру.
Негізгі параметрлері:
МҚ жобасы жыл сайын 1,6 млн тоннаға дейін сұйытылған этан фракциясын және 1,0 млн тоннаға дейін сұйытылған пропанды тасымалдауды көздеп отыр. Әр құбырдың ұзындығы шамамен 210 км құрайды.
Орналасқан жері: МҚ Атырау облысының Жылыой мен Мақат аудандарының аумақтары және Атырау қаласына жатқызылған «ҰИМТ» АЭА-ға іргелес жатқан жер учаскелерінің бойымен салынатын болады.
МҚ жобасын іске асыру кезеңі: 2023—2028 жылдар.
Ағымдағы статусы:
МҚ жобасы бойынша ТЭН құжаттамасының пакетін әзірлеу аяқталды және «Мемсараптама» РМК 2024 жылғы 25 сәуірдегі оң қорытындысы алынды.
ТЭН әзірлеу шеңберінде жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдардан қажетті келісулер мен рұқсаттар, сондай-ақ мүдделі ұйымдардан, оның ішінде «Силлено» ЖШС-дан (Полиэтилен өндіретін зауыт) және «KPI Inc.» ЖШС-дан (Полипропилен өндіретін зауыт) магистральдық құбырлардың қиылысуы мен қосылуына тиісті техникалық шарттар алынды.
МҚ жобасы бойынша алдағы қадамдар:
- МҚ жобасын іске асырудың келесі кезеңіне көшу – жобалау және салу;
- МҚ жобалау мен салуды қаржыландыруды ұйымдастыру бойынша дайындық жұмыстары.