«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Қытайға сапары барысында CNPC және Sinopec басшыларымен кездесулер өткізді. Онда мұнай-газ химиясы, геологиялық барлау, мұнай өңдеу және тасымалдау саласындағы ортақ жобалар талқыланды.
CNPC президенті Хоу Цзицзюнмен өткен кездесуде Жаңажол мұнай өңдеу зауыты базасында іске асырылатын карбамид жобасы қаралды. Жоба Қазақстанның газ-химия саласы мен ауыл шаруашылығы үшін үлкен маңызға ие. Карбамид – жоғары сұранысқа ие азотты тыңайтқыш, елдегі қажеттілік көлемі 350-400 мың тоннаға жетеді. Шілде айында ҚМГ және CNPC арасында ынтымақтастықты арттыру және карбамид пен басқа да өнімдерді өндіру бойынша келісімге қол қойылды.
Бұған дейін «KMG PetroChem» ЖШС (ҚМГ-ның еншілес компаниясы) және «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу бойынша алдын ала келісімге қол жеткізген болатын. Кездесуде тараптар аталған келісімді растады. Өндіріс қуаты жылына 1,2 млн тоннаға дейін жетеді деп күтілуде, жоба құны — шамамен 1,5 млрд АҚШ доллары. Құрылыс кезеңінде 3 мың және зауыт іске қосылғанда 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Технология лицензиарларымен және карбамидті экспортқа шығару үшін тыңайтқыштар саудасымен айналысатын әлемдік көшбасшы компаниямен келісімдер бар.
CNPC-мен жүргізілген келіссөздерде геологиялық барлау жобалары, Өріктау кен орнынан шығатын газды өңдеу, Шымкент мұнай өңдеу зауытының («ПҚОП» ЖШС) қуатын арттыру, бұл мақсатта Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының өткізу мүмкіндігін ұлғайту тақырыптары көтерілді.
А. Хасенов Бейжіңде сондай-ақ Sinopec компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Ма Юншэнмен кездесті. Инвестиция көлемі 8 млрд АҚШ долларынан асатын полиэтилен, терефтал қышқылы және полиэтилентерефталат (ТФК және ПЭТФ) өндіру бойынша ортақ жобалар талқыланды.
ҚМГ және Sinopec командалары ТФК және ПЭТФ жобасы бойынша алдын ала техникалық-экономикалық негіздемені аяқтап, FEED кезеңіне өту бойынша жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ кездесуде геологиялық барлау саласындағы перспективалы жобалар сөз болды.
Сындарлы іскерлік келіссөздер барысында тараптар ортақ жобаларды іске асыру екі елдің компаниялары арасындағы табысты стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.