KMG PetroChem «Қазақстан мен Ресейдің мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығы» атты дөңгелек үстелге қатысты

2025 жылғы 7 ақпанда Мәскеуде «Атамекен» ҚР ҰКП және «PetroCouncil» Қазақстанның мұнай-газ кеңесі «Қазақстан мен Ресейдің мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығы» атты дөңгелек үстел өткізді.  Бұл оқиға стратегиялық аса маңызды салалардың біріндегі екі елдің жетекші өкілдері арасындағы диалогтың негізгі алаңына айналды. Тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың, ресейлік мұнай-газ компанияларымен бірлескен жобаларды іске асырудың өзекті мәселелерін талқылады.

Бүгінгі таңда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ірі жоба — Атырау облысында полипропилен өндіретін  «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.»  зауытын табысты іске асырды. Бұл маңызды қадам еліміздің мұнай-газ химиясы саласын одан әрі дамыту үшін негіз болды.

Қазіргі кезде МГХ саласында бірқатар зәкірлі жобаларды іске асыру жалғасып жатыр. «KMG PetroChem» ЖШС Басқарма төрағасының бизнесті дамыту жөніндегі орынбасары Диаз Диянов дөңгелек үстел аясында олардың келешегі мен ағымдағы жай-күйі туралы айтып берді. Солардың ішінде Атырау облысында қуаты жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін алғашқы интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысы ерекше орын алады. Жоба Ресейдің СИБУР компаниясымен және Қытайдың Sinopec компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда, онда «ҚазМұнайГаз» үлесі 40%, ал серіктестердің үлесі — 30% құрайды. Қазір объектіде ерте құрылыс жұмыстары басталды, ал пайдалануға беру 2029 жылға жоспарланған. Кәсіпорын ең көп сұранысқа ие 22 полиэтилен маркасын шығарады, оның 40%-і премиум класына жатады.

Полипропилен және полиэтилен сияқты перспективалық мұнай-химия өндірістерін шикізатпен қамтамасыз ететін газ бөлу кешенін салу жобасына ерекше көңіл бөлінді. Аталған жобаның бірегейлігі – құнды фракциялар – этан мен пропан бөле отырып, 9 миллиард текше метрден астам құрғақ газды қайта өңдеу. Қазақстанда соншалықты құнды фракцияларды бөле отырып, құрғақ газды қайта өңдеу бойынша осындай қуаттар әлі салынбаған. Қазіргі уақытта EPC мердігерімен келісімшарт жасалады деп болжанып отыр.

Диаз Диянов ТФҚ-ПЭТФ және «Карбамид» сияқты жаңа жобалар есебінен «ҚазМұнайГаз» инвестициялық портфелін  кеңейтетінін атап өтті. Жоспарлы қуаты жылына 1 млн тоннаға дейінгі  «Карбамид» жобасы Жаңажол МӨЗ базасында Қытайдың  CNPC ұлттық мұнай корпорациясымен серіктестікте іске асырылатын болады. Карбамид сұранысқа ие азотты тыңайтқыш болып табылады, бұл ретте Қазақстанның ішкі қажеттілігі 350-400 мың тоннаны құрайды.

KMG PetroChem Атырау МӨЗ-ден қолда бар шикізат – параксилол негізінде ТФҚ -ПЭТФ жобасын белсенді пысықтауда. Болашақ кәсіпорынның жоспарланған қуаты - жылына 735 мың тоннаға дейін полиэтилентерефталат.

Осы бастамаларды іске асыру 2030 жылға қарай Қазақстан экономикасына 1 13,6 млрд инвестиция тартуға, құрылыс кезеңінде 16 мың жұмыс орнын және 1 мыңға дейін тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бұл жобалар импортты алмастыру және елдің экспорттық әлеуетін кеңейту үшін орнықты база жасайды.

Диаз Диянов полимерлерді қайта өңдеуді одан әрі дамытудың маңызды екенін де атап өтті. Ол үшін KMG PetroChem полимер өнімдерін ішкі тұтынуды ынталандыруға және импортты алмастыруға жағдай жасауға бағытталған арнайы офис құрды. Мақсаты –– 2030 жылға қарай Қазақстанның импортқа тәуелділігін едәуір қысқарту және елдің әлемдік полимерлер нарығындағы позициясын нығайту.

FaLang translation system by Faboba