«KMG PetroChem»  ЖШС Атырау облысында газ бөлу қондырғысын салу жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізді

                  2025 жылғы 13 наурызда «KMG PetroChem» ЖШС Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің талаптарына сәйкес Жылыой ауданы Майкөмген ауылында қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты – «Атырау облысында алғашқы интеграцияланған газ-химиясы кешенін салу. Екінші кезең (Газ сепарациялау қондырғысының құрылысы (бұдан әрі – ГСК)» жобасының құрылыс-монтаждау жұмыстарының кезеңінде қоршаған ортаға әсер етуге экологиялық рұқсат алу үшін жобалық құжаттаманы талқылау.

                  Қоғамдық тыңдауға жергілікті тұрғындар мен қоғамдық бірлестіктер және жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері, сондай-ақ аудандық мәслихат депутаттары қатысты.

                   ГСК жобасы полиэтилен өндіретін зауытты («Силлено» ЖШС іске асырып жатқан) жылына шамамен 1,6 млн тонна көлемінде қажетті шикізат – этанмен қамтамасыз ету мақсатында іске асырылуда. Кешен Теңіз кен орнында, «Теңізшевройл» ЖШС КТЛ-1, КТЛ-2 жұмыс істеп тұрған зауыттарынан шығысқа қарай 1 км қашықтықта салынады, бұл шикізатқа қажетті көлемде қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

                    Жұртшылық назарына құрылыс-монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстарының қоршаған ортаға әсері туралы, сондай-ақ жобаны іске асыру процесінде теріс әсерді азайтуға бағытталған іс-шаралар туралы ақпарат ұсынылды.  Қоршаған ортаны қорғау бөлімі (РОҚБ) бойынша тиісті зерттеулер жүргізген мамандар жобаланатын нысан  елдімекендерден едәуір қашықта орналасқанын, санитарлық-қорғау аймағының шекараларында тұрғын үй құрылыстары жоқ  және халықтың денсаулығына теріс әсер тигізбейтінін баса айтты.

                    Жобада көзделген іс-шаралар құрылысты оңтайлы ұйымдастырудың, табиғи ресрустарды үнемдеу технологияларын қолданудың, рекультивация мен көгалдандырудың арқасында жер ресурстарына әсерді барынша азайтуға бағытталған. Экологиялық стандарттарды қатаң сақтау және заманауи технологияларды қолдану қоршаған ортаға әсер ету деңгейі рұқсат етілген нормалардан аспауын қамтамасыз етеді.

                     Жобаның әлеуметтік аспектілері, соның ішінде жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыру және Майкөмген ауылын абаттандыру қоғамдық тыңдауға қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.

                     «KMG PetroChem» ЖШС өкілдері өндірістік процесс, қызметкерлерді жұмысқа тарту және болашақта кешен іске қосылғаннан кейінгі пайдалану кезеңі үшін білікті кадрлар даярлау жөніндегі ағымдағы іс-шаралар туралы сұрақтарға жауап берді.

                     Талқылау қорытындысы бойынша тыңдауға қатысушылар талқыланған жобаның өңірді дамытудағы маңыздылығын да атап өтіп, оң бағалады.

FaLang translation system by Faboba