Ауыл шаруашылығындағы су ресурстарын тиімді пайдалануға арналған полимерлік шешімдер: KMG PetroChem дөңгелек үстел өткізді
2025 жылғы 2 сәуірде «Атакент» Көрме орталығы базасында өткен XV Халықаралық Greenhouses & Flowers – 2025 көрмесі аясында «Ауыл шаруашылығындағы полимерлік шешімдер: тамшылатып суару жүйелері, агроплёнкалар. Қолдану тәжірибесі, жаңа технологиялар және олардың тиімділігі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны «KMG PetroChem» ЖШС мен «СИБУР» компаниясының АӨК дивизионы бірлесіп ұйымдастырды.
Дөңгелек үстел жұмысына ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, сондай-ақ полимер өнімдерін өндірушілер мен агроөнеркәсіптік кешеннің нарық қатысушылары қатысты.
Басты талқыланған мәселе – тамшылатып суару жүйелерін енгізу арқылы су ресурстарын тиімді пайдалану. Бұл шешім Мемлекет басшысының жыл сайын су үнемдеуші технологияларды 150 мың гектарға дейінгі алаңға енгізу туралы тапсырмасын іске асыруға мүмкіндік береді. Бүгінде ауыл шаруашылығы елдегі судың 65%-ына дейін тұтынып, ең ірі су пайдаланушы сала болып отыр.
2024 жылы фермерлерге қолдау көрсету мақсатында бірқатар мемлекеттік қолдау шаралары қабылданды. Атап айтқанда, ұңғыманы бұрғылау және су үнемдейтін жабдықтарды орнату шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар, қолданылатын технологияларға байланысты сараланған субсидиялау жүйесі енгізілді: су үнемдейтін жабдықтарды пайдаланған жағдайда – 60–85%, ал пайдаланбаған жағдайда 30–55% мөлшерінде субсидия беріледі (2026 жылға дейін). Бұл туралы ҚР СРжИМ Су үнемдеу технологияларын дамыту департаменті басқармасы басшысының м.а. Марат Нысанбаев өз баяндамасында атап өтті.
Дөңгелек үстел аясында өндірушілер тамшылатып, жаңбырлатып және топырақасты суару жүйелерін таныстырды. Бұл жүйелер топырақты біркелкі ылғалдандыру арқылы су тұтынуды 30%-ға дейін азайтып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
«СИБУР» компаниясы агроөнеркәсіптік кешенге арналған бірқатар шешімдерді таныстырды: агроплёнкалар, құбырлар, сондай-ақ дәнді дақылдарды полимерлік жеңдерде сақтау технологиясы, бұл әдіс сақтау мерзімін 1,5 жылға дейін ұзартуға және элеваторлардың жетіспеушілігі мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар полимерлік шешімдерді бірлесіп сынақтан өткізу, мемлекеттік органдар мен өндірушілер арасындағы ынтымақтастықты жолға қою жөнінде келісімге келді. Су үнемдейтін технологияларды енгізу бойынша бірлескен жобаны іске асыру жоспарланып отыр, онда KMG PetroChem интегратор ретінде әрекет етеді — шикізатты таңдаудан бастап, тамшылатып суаруға арналған құбырлар мен ленталарды өндіру технологияларын іріктеу және оларды орнатуға дейінгі барлық кезеңдерді үйлестіретін болады.
Іс-шара агроөнеркәсіп саласында су үнемдейтін шешімдерді енгізуге деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті. Қатысушылар Қазақстанның табиғи ресурстарын ұтымды пайдалану және аграрлық секторды дамыту үшін мемлекет пен бизнестің күш-жігерін біріктіру маңызды екенін атап өтті.