«KMG PetroChem» ЖШС Қазақстандағы мұнай-газ химиясы саласына мамандар даярлайтын техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Leadership: көшбасшылық және мұнай-газ химиясындағы мансаптық мүмкіндіктер» атты диалог алаңын іске қосты. С. Мұқашев атындағы Атырау жоғары политехникалық колледжінің базасында өткен алғашқы кездесуге техникалық және кәсіптік білім беретін өңірдегі бес оқу орнының білім алушылары қатысты.
«Leadership» жобасының мақсаты – жастарды мұнай-газ химиясы саласындағы мансаптық мүмкіндіктермен таныстырып қана қоймай, олардың кәсіби бағдарын саналы түрде қалыптастыруға шабыт беру, техникалық мамандықтарға деген қызығушылығын арттыру және саланың іргелі жобаларына, соның ішінде Атырау облысында салынып жатқан полиэтилен өндіру зауыты мен газ сепарациялау кешеніне кадрлық резерв дайындау.
«Елімізде кейінгі кезде қарқын алған мұнай-газ химиясы саласы кәсіби біліммен қатар, заманауи тәжірибелік дағдыларға ие, жаңашылдыққа бейім инженер, техниктер мен операторларға деген сұранысты арттырды. Біздің «Leadership» жобамыздың мақсаты – ел Президенті жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы» шеңберінде, студенттер мен сала арасында өздерінің кәсіби траекториясын саналы және мақсатты түрде құра алатындай ерте диалог орнату», - деді
KMG PetroChem Басқарма төрағасының корпоративтік орталық жөніндегі орынбасары Ғалым Жүкенов.
Диалог алаңын іске қосу аясында KMG PetroChem компаниясы мен Атырау қаласындағы жетекші бес колледж арасында екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл келісімдер сала мамандарының кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған: оқу бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне мүмкіндік жасау, сондай-ақ оқытушылар мен өндірістік қызметкерлердің біліктілігін арттыру шараларын қамтиды.
С.Мұқашев атындағы Атырау жоғары политехникалық колледжінің директоры Бақыт Шеркешбаева:
«Leadership» диалог алаңының ашылуы – біздің студенттер үшін саланың мүмкіндіктері, талаптары мен даму қарқыны туралы тікелей сол сала өкілдерінен естіп-білуге берілген бірегей мүмкіндік. Мұндай өзара ықпалдастық олардың кәсіби пәндерді тереңірек меңгеруіне ықпал етіп, ертеңгі күні сұранысқа ие маман болып қалыптасуына серпін беретініне сенімдімін».
Атырауда өткен алғашқы «Leadership» кездесуі мұнай-газ химиясы саласындағы ұрпақтар арасындағы өзара түсіністік пен сабақтастықтың бастауы болмақ. Студенттерге өз тәжірибесі, кәсіби жолы және салаға деген көзқарасы туралы техникалық сарапшы Нұрлан Кейкин мен пайдалану жөніндегі менеджер Тимур Күшербаев айтып берді. Ерекше атмосферада өткен ашық әңгіме мен сала майталмандарының шынайы жауабы кездесуді мазмұнды етіп қоймай, студенттерге шабыт сыйлады.
KMG PetroChem аталған жобаны Қазақстанның өзге де ірі өңірлерінде өткізуді жоспарлап отыр.