«KMG PetroChem» ЖШС «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ және ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым академиясымен серіктестікте карбамид тыңайтқышын егіс алқаптарында сынауға кірісті. Бұл бастама отандық агро саласы қызметкерлерімен бірлесіп, тыңайтқыштың ауыл шаруашылығы өндірісінде қолдану тиімділігіне ғылыми тұрғыда баға беру, сондай-ақ елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізу мақсатында іске асырылуда.
Алғашқы сынақ алаңы ретінде Алматы облысындағы «ҚазҒЗИ егіншілік және өсімдік шаруашылығы» ЖШС алқабы таңдалды. Алдағы уақытта дәл осындай сынақ жұмыстары еліміздің топырақ құрамы мен климаты әртүрлі Қостанай, Ақмола және Ақтөбе облыстарында жүргізіледі. Жоба аясында жалпы көлемі 600 гектарға жуық аумаққа 90 тонна карбамид себу жоспарланған.
Ғылыми тұрғыда бақылауды қазақстандық жетекші ғалымдар: агрохимиктер, топырақтанушылар, агрономдар мен өсімдік шаруашылығы мамандары жүргізеді. Топырақ пен өсімдік сынамаларын іріктеу бүкіл вегетациялық кезеңде жүргізіледі. Бұл карбамид тыңайтқышының дақылдардың өнімділігін арттыруға әсері етуі бойынша объективті және репрезентативті мәліметтер алуға, сондай-ақ оны тиімді пайдалану жөнінде ұсыныстар қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Естеріңізге салып өтейік, KMG PetroChem мұнай-газ химиясы саласында халықаралық тәжірибесі бар қытайлық ірі компаниялардың бірі – CNPC-мен серіктестікте Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында қуаты жылына 800 мың тоннаға дейін азотты тыңайтқыш шығаратын зауыт құрылысын пысықтауда. Шикізат ретінде Жаңажол ГӨЗ-нан алынатын, көлемі 600 млн м³-ке дейін тауарлық газ пайдаланылады. Кәсіпорынды пайдалануға беру 2029 жылға жоспарланып отыр. Аталған жоба Қазақстанның өндірістік әлеуетін нығайтуға серпін бермек, және жоғарыда аталған сынақ жұмыстары осы Карбамид жобасын жүзеге асыру кезеңдерінің бір сатысы.
Қазақстанда тыңайтқыштарды тұтыну деңгейі әлем бойынша ең төмен деңгейде — егіс алқабының әр гектарына небәрі 5 кг тыңайтқыш себіледі. Ал көрші Өзбекстанда бұл көрсеткіш 40 есе жоғары. Сондай-ақ, Қазақстанға карбамид тыңайтқыштары шетелден әкелінеді, бұл аграрлық сектордың импортқа тәуелді екенін көрсетеді. Еліміздің 85% егіс алқаптарындағы топырақ құрамында азот мөлшері төмен болса, Алматы облысындағы егіс алқаптарының 95% -да азот мөлшері мүлдем төмен.
Агроалқаптардағы сынақ нәтижесі бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі және елдің аграрлық секторы үшін ашық ғылыми есеп жинақталады. Сондай-ақ, Қазақстанның түрлі агроклиматтық сипаттамалары бар өңірлерінде карбамид тыңайтқышын қолдану жөнінде практикалық ұсынымдар дайындалады. Жоба шаруаларды заманауи тыңайтқышты қолдану арқылы өнімділікті арттыру мүмкіндіктерімен таныстырумен қатар, KMG PetroChem-нің CNPC-мен бірлескен жобасының өніміне және технологиялық мүмкіндіктеріне де сенімділікті арттыруды көздейді.
Бұл бастама – Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және минералды тыңайтқыштар саласындағы импортты алмастыру мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған ғылым мен өнеркәсіптің практикалық синергиясы.
Анықтама үшін:
CNPC (China National Petroleum Corporation) – Қытайдың жетекші мұнай-газ компаниясы, 1988 жылы құрылған. Негізгі бағыттары: мұнай мен газды барлау және өндіру, мұнай өңдеу, мұнай химиясын өндіру, мұнай өнімдерін сату. Наурызда KMG PetroChem және CNPC «Карбамид» стратегиялық жобасын іске асырудың келесі қадамдары туралы хаттамаға қол қойды. Бұл халықаралық ынтымақтастықты нығайтатын және салаға озық технологияларды тартатын Қазақстанның мұнай-газ-химия кластерін дамытудағы маңызды қадам.