Астана, 17 маусым 2025 ж. – Астанада Қазақстан энергетика министрлігі мен Инфрақұрылым және инновациялық дамуға жәрдемдесу қауымдастығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан Power Central Asia + China бірінші аймақтық энергетикалық форумы өтті. «Орталық Азия – Қытай» саммитіне арналған шараға мемлекеттік және іскерлік топтары қатысып, энергетика, өнеркәсіп пен жоғары технологияларды дамытуға арналған стратегиялық бастамаларды талқылады.
Форум аясында өткен «Қазақстанның мұнай‑газ‑химия саласындағы жобалар мен мүмкіндіктер» панельдік сессиясында KMG PetroChem компаниясының Басқарма төрағасының бизнесті дамыту жөніндегі орынбасары Диаз Диянов сөз сөйлеп, саланың даму бағыттары мен маңызды жобаларын таныстырды.
Жаһандық энергетикалық трансформация аясында Қазақстан стратегиялық даму драйвері ретінде мұнай-газ химиясына басымдық беріп отыр. Ел айтарлықтай ресурстық әлеуетке ие (Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ), бұл ілеспе газды этанға, пропанға және бутанға кейіннен базалық полимерлер мен олардан түпкілікті өнім шығаратын ауқымды қайта өңдеуге мүмкіндіктер ашады. Сарапшылардың бағалауы бойынша, дайын полимер өнімінің құны бастапқы шикізат бағасынан 20 есе асып түсуі мүмкін. Ресурстарды ұтымды пайдалану қосылған құнның ұзақ және жоғары маржиналды тізбегін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мұнай-газ химиясы саласында іске асырылып жатқан негізгі жобалардың қатарында Атырау облысында қуаттылығы жылына 1,25 млн тонна болатын полиэтилен өндіретін Қазақстандағы алғашқы интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысы бар. Сонымен қатар, этан мен пропан бөле отырып, жылына 9 млрд м3 дейін газ өңдеуге есептелген инфрақұрылымдық жоба - газды сепарациялау кешені (ГСК) іске асырылуда. EPC-мердігер анықталды.
2024 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ инвестициялық портфелі екі перспективалы жобамен: ТФК-ПЭТФ және Карбамидпен толықты. Болашақ карбамид өндіретін зауыт Ақтөбе облысында қытайлық CNPC ұлттық мұнай корпорациясымен серіктестікте іске асырылады. Болжамды қуаттылығы – жылына 800 мың тоннаға дейін азот тыңайтқыштары. Негізгі шикізат ретінде Жаңажол ГӨЗ-нің тауарлық газы пайдаланылады. «Орталық Азия – Қытай» форумы аясында жоба бойынша
ҚР Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, Ақтөбе облысының әкімдігі және CNPC арасында Негіздемелік келісімге қол қойылды. Жобаны тиімді жүзеге асыру үшін бірлескен кәсіпорын құру жоспарлануда.
ТФҚ-ПЭТФ өндіру жобасы Sinopec Shanghai Engineering Company қатысуымен алдын ала техникалық-экономикалық негіздеу (Pre-FS) кезеңінен өтті. Жобаның техникалық іске асырылуы расталды. 2025 жылдың соңына дейін FEED кезеңіне өту жоспарлануда.
Аталған жобаларды іске асыру 2030 жылға қарай ел экономикасына $13,6 млрд инвестиция тартуды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, құрылыс кезеңінде 16 мыңға жуық жұмыс орны құрылады, сондай-ақ 2,5 мың тұрақты жоғары білікті маман тарту көзщделуде. Бұл елімізде толыққанды мұнай-газ-химия өндірісіне берік негіз болмақ.
Айта кету керек, полимерлерді қайта өңдеуді дамыту және өнімді жергілікті өңірде қолдану үшін «KMG PetroChem» ЖШС базасында одан әрі қайта өңдеуді дамыту және маркетинг офисі құрылды. оның негізгі мақсаты - салалық басымдықтар мен мемлекеттік бағдарламаларды ескере отырып, Қазақстанда импортты алмастыру және полимер өнімдерін тұтынуды арттыру үшін жағдай жасау. Ішкі нарық импортқа тәуелді болып қалуда: полимерлерден жасалған дайын өнімдерді әкелу көлемі жылына $3,4 млрд-тан асады, ал қазақстандық қайта өңдеу қуаттарының жүктемесі 20-дан 60%-ға дейін құбылмалы. KMG PetroChem кәсіпорындарды тұрақты шикізатпен, инфрақұрылымдық қолдаумен және мемлекеттік тапсырыстарға қолжетімділікпен қамтамасыз ете отырып, бұл көрсеткішті 80%-ға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр.
Осылайша, шикізаттан дайын өнімге дейінгі тұйық тізбекті қалыптастыру - еліміздің тұрақты және бәсекеге қабілетті мұнай-газ-химия кластері жолындағы маңызды қадам.