Атырау облысында газ сепарациялау кешенін салу жөніндегі EPC-келісімшартқа қол қойылды
Бүгін «KMG PetroChem» ЖШС (ҚМГ-ның еншілес компаниясы) Италияның Tecnimont S.p.A. компаниясымен және Ливанның Consolidated Contractors International Company (CCIC) консорциумында Атырау облысында газ сепарациялау кешенін (ГСК) салу жөніндегі
EPC-келісімшартқа (инжиниринг, жабдықтау және құрылыс) қол қойды.
Жоба жылына 9,1 млрд м³ құрғақ газ өңдеу қуаттылығына ие ГСК-ны жобалауды, материалдық-техникалық қамтамасыз етуді және толық ауқымды құрылыс жұмыстарын қамтиды. Бұл еліміз үшін бірегей жоба, өйткені Қазақстанда мұндай көлемдегі кешен бұрын салынбаған. Құрылыс Теңіз кен орнында жүзеге асырылады.
ГСК «Силлено» ЖШС-не тиесілі полиэтилен зауытын жылына 1,6 млн тоннаға дейін этанмен қамтамасыз етуді және қосымша 360 мың тоннаға дейін пропан өндіруді көздейді. Бұл фракциялар «Теңізшевройл» ЖШС жеткізетін тазартылған құрғақ газды сепарациялау арқылы бөлініп алынады.
Жобаны уақтылы іске асырудың маңызды алғышарты саналатын ерте құрылыс-инжинирингтік жұмыстар 2025 жылғы мамырда басталды.
ГСК жобасы Қазақстанның мұнай-газ химиясы саласын дамытып, қосылған құны жоғары өнім шығару үшін тұрақты шикізат базасын қалыптастыруға жол ашады
Сонымен қатар, жобаны жүзеге асыру кезінде жергілікті мазмұнға басымдық беріледі: құрылысқа, қызмет көрсетуге және тауар жеткізуге қазақстандық кәсіпорындар кеңінен тартылады. Бұдан бөлек, шарттық міндеттемелер аясында ГСК іске қосылғаннан кейін пайдалану және техникалық қызмет көрсету жұмыстарын жүзеге асыратын қазақстандық мамандарды даярлау мен олардың біліктілігін арттыруға бағытталған кешенді бағдарлама көзделген.
Анықтама үшін:
«KMG PetroChem» ЖШС – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның 100% еншілес кәсіпорны, мұнай-газ химиясы жобаларын іске асырады және үйлестіреді.
Tecnimont S.p.A. – Maire Tecnimont Group-тың еншілес компаниясы, өңдеу өнеркәсібі үшін инжиниринг саласындағы әлемдік көшбасшы.
Consolidated Contractors International Company (CCC) – 1952 жылы құрылған, мұнай-газ, мұнай-химия және инфрақұрылым салаларындағы ірі жобаларға маманданған халықаралық EPC компаниясы.