Баспасөз релизі
30 қыркүйек 2025 ж. Атырау қ.
KMG PetroChem Атырау студенттеріне QadamPro бағдарламасын таныстырды
«KMG PetroChem» компаниясы «APEC PetroTechnic» Жоғары колледжінде «Leadership» диалог алаңының үшінші кездесуін өткізді.
Іс-шараға Атыраудың жоғары оқу орындары мен колледждерінің 100-ден астам студенттері қатысты.
«Leadership» жобасының мақсаты – жастарға мұнай-газ химиясы саласындағы мансаптық мүмкіндіктерді таныстыру, саналы түрде мамандық таңдауға ынталандыру және компанияның стратегиялық жобалары үшін кадрлық резерв қалыптастыру.
Өзінің алғысөзінде «KMG PetroChem» ЖШС Басқарма төрағасының корпоративтік орталық жөніндегі орынбасары Ғалым Жүкенов адам капиталын дамыту компанияның стратегиялық басымдықтарының бірі екенін атап өтті: «Біз жастарды қолдауға және олар үшін мұнай-газ химиясы саласында жаңа мүмкіндіктер ашуға ұмтыламыз», – деді ол.
KMG PetroChem өзінің кадр даярлау жөніндегі стратегиясы аясында жас мамандарды даярлауға бағытталған QadamPro бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама 2025 жылдың қыркүйегінен бастап 2027 жылдың желтоқсанына дейін жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта қатысушыларды конкурс арқылы іріктеу жүріп жатыр.
«QadamPro бағдарламасы үш негізгі кезеңнен тұрады: тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен студенттерді конкурс арқылы іріктеу және дуальді оқыту, кадрлық резерв қалыптастыру және түлектерді жұмысқа орналастыру, сондай-ақ жас мамандарды әрі қарай оқыту мен өндірістік тәжірибеден өткізу. «QadamPro бағдарламасының бір бөлігі саналатын дуальді оқытудан өту толыққанды еңбек өтілі ретінде есептеледі. Бұл – болашақ мансап үшін зор артықшылықпен қатар, компанияның нақты жобаларына қатысуға және еңбекке орналасуда басымдық алуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ғалым Жүкенов.
Кездесу барысында компанияның жетекші мамандары студенттерге негізгі жобаларды таныстырды. Техникалық сарапшы Дмитрий Макеев KMG PetroChem-тің ағымдағы және болашақтағы бастамалары туралы баяндады. Газ сепарациялау кешені (ГСК) жобасының жетекші инженер-технологы Жарқын Нарымбетов жобада қолданылатын технологияларды түсіндірді. «Магистральдық құбырлар» жобасының жетекші құбыр инженері Еркін Арын этан мен пропанды тасымалдау жүйелерін жобалау және пайдалану ерекшеліктерімен бөлісті.
Сарапшылардың баяндамалары студенттерді KMG PetroChem жобаларымен жан-жақты таныстырып, олардың QadamPro бағдарламасына деген қызығушылығын арттырды. Бұл бағдарлама мұнай-газ химиясы саласында нақты мансаптық мүмкіндіктерге жол ашады.
Анықтама:
«KMG PetroChem» ЖШС – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-тың 100 пайыз еншілес кәсіпорны. Кәсіпорын ҚМГ тобында мұнай-газ химиясы саласындағы жобаларды іске асырады және үйлестіреді.