19 қарашада Теңіз кен орнының алаңында Газ сепарациялау кешенінің (ГСК) алғашқы қадасын қағу рәсімі өтті. Қуаты жылына 9,1 млрд м³ құрғақ газ өңдейтін ірі кәсіпорынның құрылысы — еліміздің мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамытудың маңызды кезеңі. Жалпы, нысан құрылысы алаңында 22 мыңға дейін қада қағу жоспарланған. Барлық қада қазақстандық өндірушілерден сатып алынуда.
Жоба полиэтилен өндіретін «Силлено» зауытын жылына 1,6 млн тоннаға дейін этанмен қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар кешен жылына 360 мың тоннаға дейін пропан өндіреді. Бұл фракциялар «Теңізшевройл» ЖШС жеткізетін құрғақ тазартылған газдан бөлініп алынады.

Газ сепарациялау кешенінің іске қосылуы тұрақты шикізат базасын қалыптастыруға, жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға мүмкіндік береді. Бұл Мемлекет басшысы айқындаған мұнай-газ химиясы кластерін және шикізаттық емес экспортты дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттерге сәйкес келеді.

Жобаны жүзеге асыру кезінде қазақстандық қамту үлесін арттыруға ерекше назар аударылады. Отандық кәсіпорындар, өндірістік сервистер және білікті мамандар тартылатын болады.
Қазақстандық кәсіпорындар шығаратын өнім ауқымды көлемде пайдаланылмақ: 1 млн 193 мың м³ инертті материал, 27 мың тоннадан астам металл конструкциялар, сондай-ақ негізгі электр-техникалық жабдықтар (7 модульдік қосалқы станция, 62 трансформатор, 220 кВ ашық тарату құрылғысы) және ірі технологиялық жабдықтар — пропан сақтауға арналған көлденең буллиттер мен 4 ірі колонна.
Жобаның әлеуметтік-экономикалық тиімділігі де жоғары. Құрылыс кезеңінің ең қарқынды сәтінде Атырау және Маңғыстау облыстарының тұрғындары үшін 3 500-ге дейін уақытша жұмыс орны, сондай-ақ 400 тұрақты жұмыс орны ашылады. Кешенді іске қосу 2028 жылдың соңына, ал пайдалануға беру 2029 жылға жоспарланған.
Кешеннің негізгі технологиясы — сұйытылған көмірсутек газдарын өңдеу және фракциялау саласында әлемдік жетекші Honeywell UOP компаниясының технологиялық шешімдері.

Анықтама:
Жобаны «KMG PetroChem» ЖШС («ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес компаниясы) жүзеге асыруда. Құрылыс Италияның Tecnimont S.p.A. (Maire тобы) басқаратын халықаралық консорциуммен бірлесіп жүргізілуде. Консорциум құрамына CCIC (Ливан) компаниясы кіреді.
