Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда саланы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған бірқатар ірі мұнай-газ химиясы жобалары іске асырылуда. Олардың қатарында  «KMG PetroChem» ЖШС іске асыратын, қуаты жылына 9,1 млрд текше метрге дейін ТШО құрғақ газын өңдейтін газ бөлу кешенінің жобасы бар. Шығарылатын этан мен пропан болашақ полимер өндірісіне арналған шикізат болмақ.

Бүгінгі таңда KMG PetroChem жобаны іске асырудың белсенді кезеңіне өтті: алаңда құрылыс жұмыстары басталды. Аталған кезеңде қазақстандық қамту үлесін ұлғайту  Компанияның негізгі басымдықтарының бірі болып табылады.

Осы жүйелі жұмыс аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, KMG PetroChem, Baker Hughes, IMBC, сондай-ақ қазақстандық кәсіпорындар –– «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ (БҚМК) және «Астана Энерго Ремонт» ЖШС өкілдерінің қатысуымен жұмыс кеңесі өтті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстанда Baker Hughes жабдықтарына сервистік қызмет көрсетуді оқшаулауды дамыту және қосалқы бөлшектер өндіру мәселелерін, сондай-ақ отандық кәсіпорындар үшін тапсырыстардың тұрақты портфелін қалыптастыру тәсілдерін талқылады. Кеңестің қорытындылары бойынша тапсырыстарды ел ішінде орналастыру басымдығымен жабдыққа қызмет көрсетудің бірыңғай тәсілін әзірлеу туралы шешім қабылданды.

10 ақпанда KMG PetroChem басқарма төрағасы Диаз Диянов бастаған жұмыс тобы Оралдағы «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» акционерлік қоғамында болды.

Сапар барысында қатысушылар қысыммен ыдыс жасау цехын, металл конструкциялар өндіру учаскесін, турбиналық біліктерді тексеру және калибрлеу цехын, сондай-ақ сапаны бақылау зертханасын қоса алғанда, кәсіпорынның өндірістік қуаттарын қарап шықты.

KMG PetroChem кәсіпорында ГСК жобасы үшін металл конструкциялар мен қысымдағы ыдыстарды дайындауға тапсырыстарды орналастыру мүмкіндігін қарастыруда. Зауыт техникалық құжаттаманы талдағаннан кейін осы мәселені пысықтауға дайын екендігін растады.

Сол күні жұмыс тобы жол, өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс үшін темірбетон бұйымдарын өндіруге маманданған «Гидромаш-Орион-МЖБК» ЖШС-да болды.

Сапар аясында ГСК жобасы үшін қадаларды жеткізу мүмкіндіктері қаралды. Бүгінгі таңда зауыттың өнімділігі ұлғайту мүмкіндігімен тәулігіне 16 қадаға дейін құрайды.

Өткізілген кездесулер мен өндірістік сапарлар 2025 жылғы 20 қарашада Атырауда өткен ГСК жобасы шеңберінде жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі форумда басталған практикалық жұмыстың жалғасы болды.

Форум қорытындысы бойынша жергілікті серіктестер пулы құрылды, ал EPC-мердігер CCIC және қазақстандық компаниялар арасында қадалар мен инертті материалдарды өндіру мен жеткізуді, уақытша құрылыс жұмыстарын орындауды, металл конструкцияларын дайындауды, сондай-ақ жобалау және қадағалау қызметтерін көрсетуді қамтитын ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл бағыттар ГСК жобасының ең жақын құрылыс кезеңінің негізін құрайды.

KMG PetroChem ел ішінде тұрақты өнеркәсіптік кооперацияны қалыптастыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып келеді. Бірлескен жұмыс топтарын құру, сервистік қызмет көрсету және тапсырыстарды орналастыру тәсілдерін біріздендіру, сондай-ақ отандық кәсіпорындармен тікелей өзара іс-қимыл жасау ГСК жобасындағы қазақстандық қамту үлесін ұлғайтуға, жергілікті өндірістік қуаттарды жүктеуге, машина жасау мен сервистегі құзыреттерді дамытуға, сондай-ақ ел ішінде ұзақ мерзімді индустриялық тізбектерді қалыптастыруға бағытталған.

Анықтама үшін:

«Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ (БҚМК) өңірдің негізгі машина жасау кәсіпорындарының бірі болып табылады және 2011 жылдан бастап Baker Hughes ресми сервистік орталығы болып табылады. Кәсіпорын мұнайды жылыту пештерін, сепараторларды, қысымдағы ыдыстарды және металл конструкцияларын қоса алғанда, мұнай-газ саласы үшін азаматтық өнімнің кең спектрін шығарады, сондай-ақ газ турбиналы қозғалтқыштарды жөндеуді орындайды.

 «Гидромаш-Орион-МЖБК»  ЖШС - 55 жылдан астам уақыт бойы жол, өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс үшін темірбетон конструкцияларын өндіріп келе жатқан өнеркәсіптік кәсіпорын. 

FaLang translation system by Faboba