2023 жылы 1 маусымда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес ұйымы — «KMG PetroChem» ЖШС (KMG PetroChem) мен «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) «Газ бөлу кешені» (ГБК) жобасын іске асыру үшін қажетті келісімдердің Негізгі шарттарына (Негізгі шарттар) қол қойды.

Газ бөлу кешені құрылысын Теңіз кен орнының аумағында жүзеге асыру көзделіп отыр. ГБК — полиэтилен өндіретін зауыт салу жөніндегі жобаны (Полиэтилен жобасы) шикізатпен (этанмен) қамтамасыз етуге арналған инфрақұрылымды объект.

Негізгі шарттар ГБК жобасын іске асырудың базалық параметрлерін, ТШО-ның KMG PetroChem компаниясына құрғақ газды жеткізуі мен техникалық қызмет көрсету бойынша алдын ала шарттарды және объектіні салу мен пайдалану кезеңінде үйлестіру бойынша басқа да мәселелерді бекітеді. Бұл іс-әрекеттердің барлығы Қазақстан Республикасының елде мұнай-химия саласын дамыту жөніндегі жоспарын қолдауға бағытталған.

«Бүгін аталған құжатқа қол қою арқылы біз жоғары сапалы полиэтилен өндіретін ауқымды кешенді жүзеге асыруға бір қадам жақындадық. Бұл жобалар «ҚазМұнайГаздың» бизнесті әртараптандыру және қолда бар көмірсутек шикізаты негізінде өндірілетін өнімдер портфелін кеңейту жөніндегі ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарына сай келеді» — деп атап өтті «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.

«ТШО Қазақстан Республикасының елдегі индустрия мен экономиканың одан әрі дамуына серпін беретін мұнай-химия өнеркәсібін дамыту бойынша жоспарларына белсенді қолдау білдіруді жалғастырады»,- деп атап өтті ТШО Бас директоры Кевин Лайон.

«Негізгі шарттарға қол қою – ГБК жобасын іске асыру үшін аса маңызды қадам. Қазір біз Газ бөлу кешенін салу мен пайдалану кезеңінде өзара іс-қимыл жасау мен жауапкершілікті бөлісудің негізін қаладық»,- деп атап өтті KMG PetroChem Басқарма төрағасы Дастан Абдулғафаров.

Анықтама

«KMG PetroChem» ЖШС (бұрынғы «KLPE» ЖШС) — «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-тың 100 пайыз еншілес кәсіпорны. Кәсіпорын ҚМГ тобында мұнай-газ химиясы (МГХ) саласындағы жобаларды іске асырып, үйлестіреді. «КМG PetroChem» жобаланып отырған полиэтилен зауыты мен газ бөлу кешеніне, сондай-ақ МГХ саласындағы басқа да жобаларға жауапты.

«Теңізшевройл» ЖШС – мұнай, сұйытылған көмірсутек газдары, құрғақ газ және күкіртті игеру, өндіру және сатумен айналысатын қазақстандық жауапкершілігі шектеулі серіктестік. ТШО өз қызметін қауіпсіздік техникасы мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы әлемдік стандарттарға сай заманауи технологияларды қолдана отырып жүргізеді. 1993 жылы сәуірде Қазақстан Республикасы мен «Шеврон» корпорациясы ТШО-ны құру туралы келісімге келді. Серіктестік үлескерлері: «Шеврон» — 50%, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ — 20 %, «ЭксонМобил Қазақстан Венчурс Инк.» — 25% және «Лукойл» — 5 %.

FaLang translation system by Faboba