Будапештте «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Серікқали Брекешев пен Қазақстан Республикасының Венгриядағы Елшісі Жәнібек Абрашов бастаған делегация Венгрия Сыртқы істер министрінің орынбасары Левенте Мадьярмен және венгриялық «MOL Group» компаниясы өкілдерімен кездесті.
Кездесуде тараптар мұнай-газ химиясы саласындағы ынтымақтастықтың негізгі аспектілерін, соның ішінде Рожковское кен орнын игеру, шикі мұнай мен газ конденсатын жеткізу, сондай-ақ газды терең өңдеу жолымен өнім өндіру мәселелерін талқылады.
Венгрия тарапы өз еліндегі мұнай өңдеу зауыттарында (МӨЗ) өңдеу мақсатында Қазақстаннан шикі мұнай өнімін импорттауға, сондай-ақ Рожковское кен орнынан өндірілетін газ конденсатын экспорттауға қызығушылық танытты.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы өз кезегінде Рожковское кен орнынан шығатын газ шикізатын пайдалану арқылы мұнай-химия жобасын бірлесе атқарудың артықшылығы туралы айтты. Венгр тарапы келешегі зор жобаға қызығушылық танытып, оны іске асыруды бастау үшін бірлескен іс-қимыл жоспары әзірленді.
Анықтама үшін
«Рожковское» — Батыс Қазақстан облысындағы газ конденсатының ірі кен орны 2023 жылғы 21 желтоқсанда өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Кен орнында жылына шамамен 1 миллиард текше метр газ және 500 мың тоннадан астам конденсат өндіріледі. Жыл сайын көлемі 150 мың тоннадан астам сұйытылған газбен ішкі нарықты қамту көзделген.
MOL Group — Орталық және Шығыс Еуропаның жетекші интеграцияланған мұнай-газ корпорациясы, штаб-пәтері Венгрияның Будапешт қаласында орналасқан. Компанияның 30-дан астам елде өкілдігі және әлем бойынша 25 000 қызметкері бар. MOL корпорациясының барлау және көмірсутегін өндіру қызметі саласында 80 жылдық тәжірибесі бар.