Установка каталитического крекинга R2R АНПЗ декабрь 2017 копия
Дияз Диянов

13—14 қыркүйекте Алматыда Globuс-тың 10-шы мерейтойлық конференциясы өтті. Орталық Азия мен Каспий өңірінде мұнай-газ химиясын дамыту перспективалары талқыланған іс-шараға Еуропа, АҚШ, Шығыс Азия, Түркия және Таяу Шығыстағы жетекші халықаралық технологиялық және инжинирингтік компаниялардың 300-ден астам өкілі қатысты. Қатысушылар Орталық Азия мен Каспий өңірі үшін басым бағыт саналатын мұнай-газ-химия интеграциясы тақырыбын кеңінен талқылады.

«KMG PetroChem» ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары Диаз Диянов Қазақстандағы мұнай-газ химиясының қазіргі ахуалы және болашақ жоспарлары туралы баяндама жасады.

Баяндамашы атап өткендей, әлемде алдағы онжылдықта мұнай-газ химиясы өндірісіне жұмсалатын көмірсутек ресурстарының (мұнай мен газ) көлемі арта түседі. Оған себеп тауарлардың 95%-дан астамы тікелей немесе жанама түрде мұнай-химия өнімдерінен жасалады, мысалы күнделікті тұрмыста қолданылатын заттардан бөлек, трансатлантикалық әуе лайнерлері корпусының бөліктері, адам ағзасына имплантацияланатын медициналық құрылғылар да полимерден өндіріледі. Дамыған елдерде химия өнеркәсібінің ел экономикасы мен ЖІӨ-ге қосар үлесі зор.

Д. Дияновтың айтуынша, Қазақстанның мұнай-газ химиясы саласын дамыту әлеуеті зор. Себебі Қазақстандағы ірі кен орындарында (Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ) өндірілетін шикізаттың құрамы этан, пропан және бутанға бай. Бұл өзге елдермен салыстырғанда бәсекелестік артықшылық.

Мысалы, Қазақстанда 1,6 млн тонна этан өндіру үшін 9 млрд м3 құрғақ газды қайта өңдеу қажет (теңіз құрғақ газының құрамындағы этанның молярлық үлесі шамамен 14%). Ал көрші елдерде 2—2,5 миллион тонна этан өндіру үшін 45 миллиард м3 газ өңдеу қажет (этанның молярлық үлесі 3%-дан 5%-ға дейін).

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы өзімізде бар шикізат ресурстарын монетизациялап, елімізді әлемде жоғары сұранысқа ие негізгі полимерлермен, атап айтқанда, полипропилен, полиэтиленмен қамтамасыз етуді көздеп отыр. Сондай-ақ, болашақта ТФК/ПЭТФ және азотты тыңайтқыш карбамидті өзімізде өндіру де жаңа жоба ретінде қарастырылуда.

Анықтамалық ақпарат

«KMG PetroChem» ЖШС (бұрынғы «KLPE» ЖШС) — «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-тың 100 пайыз еншілес кәсіпорны. Кәсіпорын ҚМГ тобында мұнай-газ химиясы (МГХ) саласындағы жобаларды іске асырып, үйлестіреді. «КМG PetroChem» жобаланып отырған полиэтилен зауыты мен газ бөлу кешеніне, сондай-ақ МГХ саласындағы басқа да жобаларға жауапты.

Полиэтилен – әлемдегі ең сұранысқа ие полимер, тұтыну мөлшері жылына 100 миллион тоннадан астам. Полиэтиленге сұраныстың жоғары болуы тұрмысқа және өнеркәсіпке қажетті тауарлардың көп түрі осы полиэтиленнен жасалады. Мысалы, полиэтилен құбырлары, құрылыс материалдары, ғарыш кемелерінің ішкі қаптамасы.

ТФК/ПЭТФ — механикалық беріктігі мен соққыға, деформацияға, органикалық еріткіштердің әсеріне төзімділігі жоғары полимер. Температура диапазоны -40 С-тан +60 ° C-қа дейін. Қолдану аясы өте кең: сусындар мен тамақ өнімдеріне арналған қаптамалар, маталар, техникалық жіптер, рентген пленкасы, автокомпоненттер, медициналық бұйымдар жасалады.

Карбамид — азотты тыңайтқыштың бұл түрі Қазақстанда үлкен сұранысқа ие және қазір көп көлемде импортталуда. Сақтау, тасымалдау жолдары жеңіл және өсімдік тез сіңіретіндіктен, оны қолдану өте тиімді.

Форум аясында «KMG PetroChem» ЖШС компаниясы өкілдері мұнай-газ химиясы саласындағы Chevron Phillips Chemical, Univation Technologies, Lummus Technology және Honeywell UOP секілді жетекші лицензиарлармен бірқатар іскерлік кездесулер өткізіп, мұнай-газ химиясы саласы аясындағы ынтымақтастық мәселелерді, атап айтқанда «Полиэтилен» жобасын бойынша қазір жасалып жатқан жұмыстар мен жаңа жобаларды (ТФК/ПЭТФ және Карбамид) талқылады.

Қазақстанда полимер түрлерін өндіру шағын және орта бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, себебі олар тұрмысқа және өнеркәсіпке қажет бұйым түрлерін өндіруді жолға қоя алады. Бұл жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына да септігін тигізеді.

Мемлекеттік органдармен жұмыс және PR қызметі
Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.
тел: +7 (7172) 613-224

FaLang translation system by Faboba