- Опубликовано: 17 October 2023
Бейжіңде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және China Petroleum & Chemical Corporation (Sinopec) басшылары терефтал қышқылы мен полиэтилентерефталат (ТФҚ және ПЭТФ) өндіру жөнінде ортақ жоспарын талқылады.
Мұнай-химия өнеркәсібіндегі маңызды химиялық заттардың өндірісін Атырауда жолға қою жоспарланып отыр.
ҚМГ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен Sinopec Директорлар кеңесінің төрағасы Ма Юншэн ҚР Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен алдын ала техникалық-экономикалық негіздемені бірлесіп әзірлеу туралы келісімге қол қойды.
Мемлекет басшысы 17—18 қазан күндері ҚХР-ға ресми сапармен барды.
Қол қою рәсімі «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастық форумының аясында өтті.
Алдын ала техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу қорытындысы бойынша тараптар жобаны одан әрі іске асыру туралы шешім қабылдайды.
ПЭТФ — маңызды полимерлі материал және дайын шикізат ретінде әртүрлі салада кеңінен қолданылады. ПЭТФ тамақ өнімдері мен сусындарға арналған қаптамалар, контейнерлер, тоқыма өнеркәсібі (тоқыма жіптері, синтетикалық талшықтар), техникалық талшықтар және өзге де салаларда пайдаланылады.
Терефтал қышқылын өндіру қондырғысы — ПЭТФ өндіру тізбегіндегі аралық буын.
«Әлемдегі мұнай химиясындағы көшбасшылардың бірі — Sinopec-пен серіктестік салада табысқа жетуге ықпал етіп, Қазақстанда мұнай-газ химиясының дамуына оң әсерін тигізетініне, сондай-ақ елдеріміздің стратегиялық әріптестігінің нығая түсуіне серпін беретініне сенімдімін» — деп атап өтті М.Мырзағалиев.
Жаңадан салынатын өндірістің қуаты жылына 735 мың тоннаға дейін ПЭТФ өндіруге жоспарланған. ТФҚ/ПЭТФ жобасы үшін негізгі шикізат көзі — Атырау мұнай өңдеу зауытында шығарылатын параксилол.