- Опубликовано: 29 September 2023
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия Федеративтік Республикасына сапары аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және Linde Group Ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандум қабылдады.
Құжатқа қазақстандық тараптан ҚМГ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, неміс тарапынан Linde GmbH Таяу Шығыс, Еуропа және Африка елдері бойынша аға вице-президенті Оливер Пфанн қол қойды.
Меморандум мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты өзара тиімді талаптар негізінде кеңейтуді көздейді. Атап айтқанда, қос тарап мұнай-газ химия процестерін жетілдіру үшін, сондай-ақ ҚазМұнайГаз жобаларында көміртекті тұту әдістерін дайындау мен енгізу кезінде инновациялық және тиімді жобалық шешімдерді барынша пайдалануға келісті.
Бұған дейін ҚМГ мен Linde Group (Linde Engineering) Атырау облысында полиэтилен өндіретін кешенге арналған пиролиз технологиясы бойынша бірлесіп жұмыс істеген.
«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында мұнай және газ өңдеу кластерін дамыту қажеттілігіне айрықша назар аударылды. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Linde сияқты саланың алпауыт компаниясымен ынтымақтастық орнату арқылы бұл бағытты қарқынды дамытамыз» — деді Мағзұм Мырзағалиев.
Оливер Пфанн, өз кезегінде, алдағы жобалардың табысты болатынына сенім білдірді: «ҚазМұнайГаз бен Linde компанияларының ортақ күш-жігері мұнай-газ индустриясының нақты шешімдеріне тың технологиялар мен мол тәжірибені енгізуді қамтамасыз етеді. Біздің тәжірибе мен технологияларымыз ҚазМұнайГазға осы саладағы ауқымды жоспарларын іске асыруға ықпалдасатынына сенімдімін».
Қос тарап меморандумға қол қою арқылы жемісті ынтымақтастық орнатуға дайын екенін растап, мұнай-газ химиясы саласындағы тұрақты даму мен инновацияларды енгізуді көздейтінін мәлімдеді.
Анықтама
Linde GmbH — әлемдегі машина жасау саласындағы және өнеркәсіптік (соның ішінде атмосфералық) газдарды жобалау және өндірумен айналысатын жетекші компаниясы. 2022 жылғы сатылым көлемі — 33 млрд АҚШ доллары. Компания химия, энергетика, тамақ өнеркәсібі, денсаулық сақтау және металлургия сияқты түрлі салаларда қызмет көрсетіп, технологиялар мен газдарды ұсынады. Linde GmbH компаниясының 1000-нан астам патенті бар және 4000-нан аса жобаны табысты жүзеге асырды. Компанияның ұжымында 60 000-нан астам адам қызмет етеді, бүкіл әлем бойынша шамамен 100 елде өкілдігі бар. Компанияның басты бөлімшелері Америка, Еуропа, Таяу Шығыс, Африкада және Азия-Тынық мұхиты аймағында орналасқан.