«Орталық Азия – Қытай» форумында Ақтөбе облысында ірі газ-химия жобасын іске асыру жөніндегі Негіздемелік келісімге қол қойылды

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапары аясында 16–17 маусым күндері Астана қаласында Қазақстан мен Қытай арасындағы мұнай-газ және энергетика салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар стратегиялық құжаттарға қол қойылды.

«Орталық Азия – Қытай» индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумы шеңберінде Ақтөбе облысында ірі газ-химия жобасын іске асыру жөніндегі Негіздемелік келісімге қол қойылды. Бұл құжатқа қол қойылуы Қазақстан Республикасы мен ҚХР арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңге қадам басқанын білдіреді.

Газ-химия саласындағы ауқымды жобалардың бірі – карбамид өндірісі бойынша бастама – ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, CNPC директорлар кеңесінің төрағасы Дай Хоулян және Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен рәсімделді.

Қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, ҚазМұнайГаз және CNPC компаниялары карбамид өндіру жобасын бірлесіп іске асыруды жоспарлап отыр. Жобаны тиімді басқару мақсатында тараптар бірлескен кәсіпорын құрады.

Карбамид – аграрлық сектор үшін маңызды азотты тыңайтқыш болып табылады. Жаңа зауыт жергілікті табиғи газ ресурстарын жоғары қосылған құны бар өнімге айналдыруға мүмкіндік береді. Импортты алмастыруға және көршілес елдердің нарықтарына экспорт әлеуеті жоғары жобаның алдын ала құны  - 1,25 миллиард АҚШ доллары.

Анықтама:

Жоспарланып отырған карбамид зауыты жылына 800 мың тоннаға дейін азотты тыңайтқыш өндіре алады. Негізгі шикізат ретінде Жаңажол газ өңдеу зауытының тауарлық газы қолданылады. Жоба Ақтөбе облысындағы «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта ТЭН (техникалық-экономикалық негіздеме) әзірленуде. 2025 жылдың соңына дейін FEED кезеңінің жобалауын аяқтау, ал 2026 жылы түпкілікті инвестициялық шешім (FID) қабылдау және EPC мердігерін таңдау жоспарлануда.

Агрономия бағыты аясында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп Алматы, Қостанай, Ақтөбе және Ақмола облыстарында егістік алқабында карбамидты сынау жұмыстары жүргізілуде. Шамамен 90 тонна карбамид енгізіліп, 600 гектар егістік алқабы қамтылды. Қазір топырақ пен ауылшаруашылық дақылдарына агрохимиялық талдау жүргізілуде.

FaLang translation system by Faboba