- Опубликовано: 17 October 2025
ҚР Энергетика вице-министрі KMG PetroChem жобаларымен танысты
Атырау қ. 16.10.2025 ж.
ҚР Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов жұмыс сапары аясында KMG PetroChem компаниясының іске асырып жатқан және перспективалы жобаларымен танысты.
Кездесуде Теңіз кен орнында салынатын газ сепарациялау кешеніне баса назар аударылды. Бұл кешен полипропилен мен құрылысы басталған полиэтилен өндіретін зауыттарды шикізатпен қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба бойынша EPC-келісімшартқа қол қойылып, инженерлік - жоспарлау жұмыстары басталды.
Сондай-ақ, бірыңғай дәлізде орналасатын магистраль құбырлар жобасы қаралды. Қазір аталған жоба бойынша тендерлік рәсімдер жүргізілуде. Бұған қоса, терефтал қышқылы мен полиэтилентерефталат (ТФҚ/ПЭТФ), желілік алкилбензол (ЛАБ) және карбамид өндіру бастамалары, сондай-ақ KMG PetroChem-нің полимерлерді тереңірек өңдеу кеңсесінің тұжырымдамасы таныстырылды. Аталған кеңсенің негізгі мақсаты – импортты алмастыру мен Қазақстанда полимер өнімдерін тұтынуды 2030 жылға дейін арттыруға қолайлы жағдай жасау.
Мемлекет басшысының мұнай-газ химиясын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында вице-министр бұл саланың ел экономикасының өсу драйверлерінің бірі екенін атап өтті.
«Ірі өндірістерді іске қосу шағын және орта бизнестің дамуына қосымша мүмкіндік туғызып, олардың отандық полимерлерді өңдеумен айналысуына жол ашады. KMG PetroChem ұсынған полимерлерді одан әрі өңдеу кеңсесінің тұжырымдамасы – толыққанды өнеркәсіптік кластер қалыптастыруға бағытталған уақытылы әрі маңызды бастама», – деп атап өтті Санжар Жаркешов.
KMG PetroChem қызметі инвестициялық жобаларды уақтылы жүзеге асыруға және көмірсутектерді терең өңдеу саласына инвестиция тартуға бағытталған. Газ сепарациялау кешені, ТФҚ/ПЭТФ, ЛАБ және карбамид сияқты негізгі өндірістердің сәтті жүзеге асырылуы жаңа жұмыс орындарын құруға септігін тигізумен қатар, еліміздің химиялық және полимерлік өнім импортына тәуелділігін едәуір азайтады.
Мұнай-газ химиясын дамытуға бағытталған бұл бастамалар – Қазақстан экономикасын әртараптандыруға арналған стратегиялық бағыттың ажырамас бөлігі. Бұл өз кезегінде шикі мұнай мен газ экспортына тәуелділікті азайтып, елдің ұзақ мерзімді тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз ету үшін аса маңызды қадам саналады.
Анықтамалық ақпарат:
«KMG PetroChem» ЖШС – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-тың 100 пайыз еншілес кәсіпорны. Кәсіпорын ҚМГ тобында мұнай-газ химиясы саласындағы жобаларды іске асырып, үйлестіреді
