- Опубликовано: 21 February 2025

KMG PetroChem мұнай-газ химиясын дамыту және қазақстандық қамтуды нығайту стратегиясын ұсынды
2025 жылғы 21 ақпанда Атырау қаласында KazService мұнай сервистік компаниялар одағы ұйымдастырған «ҚАЗНЕФТЕГАЗСЕРВИС-2025» XII жылсайынғы конференциясы өтті. Іс-шара аясында мұнай-газ саласының жетекші сарапшылары, шикізатты қайта өңдеушілер мен технологиялық жеткізушілер өкілдері Қазақстанның мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамытудың негізгі үрдістері мен перспективаларын талқылады.
Конференция шеңберінде «KMG PetroChem» ЖШС Басқарма төрағасы Игорь Ильин мұнай-газ химиясы өнеркәсібі мұнай-газ секторын дамытуда шешуші орын алатынын және Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру және ұлттық әлеуетті нығайтудағы стратегиялық қадам ретінде мұнай-газ химиясын дамыту мен серпінді технологияларды енгізудің маңыздылығына үнемі назар аударатынын айтып өтті.
Табиғи газдың қосылған құнын арттыруға бағытталған стратегиялық бастамалардың ішінде Газ сепарациялық кешен құрылысының жобасын ерекше атап өткен жөн. Болашақ зауыт полипропилен және полиэтилен өндіретін зауыттарды негізгі шикізатпен қамтамасыз етеді. Бұл жобаның бірегейлігі 9 миллиард текше метрден астам құрғақ газды өңдей отырып, құнды фракциялар – этан мен пропанды газ құрамынан бөліп алады. Қазақстанда осындай қуаттағы ірі кәсіпорындар бұған дейін болған емес.
Бүгінгде жоба бойынша ТШО-мен құрғақ газдың көлемі мен құны бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді. Биыл жобалық жұмыстарды толық аяқтау жоспарлануда, түпкілікті инвестициялық шешім қабылданды.
«Газ сепарациялық кешен құрылысы – бұл Қазақстанның мұнай-газ химиясы саласын дамытудағы жаңа кезең ғана емес, сонымен қатар жергілікті өнеркәсіп үшін қуатты серпін береді. Біз жобалаудан бастап пайдалануға дейінгі барлық кезеңде жергілікті мамандарды тартуға баса назар аударамыз. Қазақстандық компаниялардың жобаға қатысу мүмкіндіктері мол, бұл өз кезегінде, ел экономикасына оң әсерін тигізеді», - деп атап өтті И. Ильин өз сөзінде.
«KMG PetroChem» ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары Жомарт Жасанов өз баяндамасында жобаның стратегиялық маңыздылығына және оның жергілікті жеткізушілердің күш біріктіре жұмыс істеудегі рөліне тоқталды. Сондай-ақ, қазақстандық бизнеспен өзара іс-қимылдың ашық және тиімді тетіктерін құруға ерекше назар аударылатынын атап өтті. Жоба ұлттық өнеркәсіптің дамуына ықпал ету мақсатында қазақстандық компаниялар мен мамандарды көптеп тартуға бағытталған.
«Біз жобаның барлық кезеңіне қазақстандық бизнестің қатысуына ерекше мән береміз. Жергілікті компанияларды жеткізу тізбегіне қосу мақсатында тауар жеткізушілер форумы, B2B-кездесулер және ынтымақтастық мүмкіндіктері туралы үнемі хабардар етіп отыратын боламыз», - деп атап өтті Ж. Жасанов.
Бұдан басқа, KMG PetroChem мұнай-газ химиясы саласында стратегиялық маңызды жобаларды іске асыра отырып, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ инвестициялық портфелін белсенді түрде кеңейтуді жалғастыруда. Перспективалы бастамалардың қатарында CNPC-пен серіктестікте Жаңажол ГӨЗ базасында карбамид өндіру жобасы бар. Жоспарлы қуаты жылына 1 млн тоннаға дейін жететін бұл жоба Қазақстанды сұранысқа ие азот тыңайтқышымен қамтамасыз етеді.
Атырау мұнай өңдеу зауыты өндіретін параксилолдан ТФҚ-ПЭТФ өндіру жобасы да маңызды бағыттың бірі. Қуаты жылына 735 мың тоннаға дейін полиэтилентерефталат өндіретін жаңа кәсіпорын сұранысқа ие полимер өнімдерінің өндірісін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл жобаларды іске асыру 2030 жылға қарай ел экономикасына 13,6 млрд доллар тартып, құрылыс кезеңінде шамамен 16 мың жұмыс орнын және 2,5 мың тұрақты жұмыс орнын ашады деп болжанып отыр. Бұл бастамалар елдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып қана қоймай, Қазақстанның мұнай-газ химиясындағы экспорттық мүмкіндіктерін одан әрі дамытуға жол ашпақ.