- Опубликовано: 05 June 2024
Атырау облысында магистральдық құбырлар салу жобасына мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы берілді
Атырау облысындағы бірыңғай дәлізде (этан және пропан) магистральдық құбырлар салу жобасы (МТ жобасы) Қазақстанның мұнай-химия саласын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылады және Қарабатандағы «ҰИМТ» АЭА аумағында орналасқан полиэтилен және полипропилен өндіретін зауыттарды шикізатпен қамтамасыз етуге бағытталған.
Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) «KMG PetroChem» ЖШС тапсырысы бойынша қазақстандық KATEK компаниясы әзірледі. Теңіз кен орнында салынатын газ сепарациялау кешенінен (ГСК) Қарабатан аумағындағы полипропилин және полиэтилен өндіретін зауыттарға дейін бір техникалық дәлізде екі құбыр салуды көздейді.
Шикізатты құбыр арқылы тасымалдау зауыттарға жеткізу кезінде сенімділікті, үздіксіздікті және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, ал МТ-ны бірыңғай дәлізде өткізу бірыңғай ілеспе инженерлік желілер мен коммуникацияларды (электр желілері, ТОБЖ, автожолдар) салу есебінен оңтайлы техникалық-экономикалық көрсеткіштерді қамтамасыз етеді.
Жоба жыл сайын 1,6 млн тоннаға дейін сұйытылған этан және 1,0 млн тоннаға дейін сұйытылған пропан фракцияларын тасымалдауды көздейді. Әр құбырдың ұзындығы – шамамен 210 км.
Құрылыс жұмыстары 2026-2028 жылдарға есептелген және 500-ден адамды жұмыс орнымен қамтымақ, ал іске қосылғаннан кейін жергілікті білікті кадрларды қоса алғанда, 170-ке жуық маман жұмысқа тартылады деп жобалануда.
Техникалық-экономикалық негіздеменің аяқталуы жобаның келесі кезеңдері – магистральдық құбырларды жобалау және салуға жол ашады. Жобаны іске асыру өнімді тиімді өңдеуге және тасымалдауға мүмкіндік беретін, қосылған құны жоғары сұранысқа ие өнімдерді өндіруді қамтамасыз ететін бірыңғай технологиялық тізбекті (ГСК – МТ – Газхимиялық зауыттар) құруды қамтамасыз етеді.