- Опубликовано: 26 March 2024
«KMG PetroChem» ЖШС мұнай-газхимиясы саласын жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында ЖОО-мен күш біріктірмек
«KMG PetroChem» ЖШС (бұдан әрі – KMG PetroChem) «Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» КЕАҚ, «APEC PetroTechnic» жоғары колледжі және И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалымен Атырау облысындағы интеграцияланған газ-химия кешеніне кадр даярлау бойынша ынтымақтастық туралы екіжақты Меморандумға қол қойды.
Меморандум KMG PetroChem-нің ұлттық экономиканың өсуіне мультипликативті әсер ететін отандық мұнай-химия өнеркәсібін белсенді дамытуға бағытталған стратегиялық мақсаттарына сәйкес келеді.
Бизнесті қолдау департаментінің директоры Әбдінәдір Айтматов атап өткендей: «ҚР-дағы мұнай-газ химиясы индустриясы қалыптасу сатысында тұр, осыған байланысты ауқымды жобаларға механик, технолог және химик секілді жоғары білікті инженерлер қажет болады. Сондай-ақ қызметтің әртүрлі бағыттары, соның ішінде заманауи өндіріс саласын терең меңгерген техник, оператор сынды техникалық мамандар елімізде өте тапшы».
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мұнай-газ химиясы саласындағы кәсіби әлеуетті нығайтуға бағытталған шаралар кешенін қамтиды: бұл білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеуді және түзетуді, нәтижелерді кейіннен өндірістік процеске енгізе отырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді қамтиды, сондай-ақ KMG PetroChem қызметкерлерінің де, жоғары оқу орындарының академиялық құрамының да біліктілігін арттыруға бағытталған.
Бұл бастамалар аясында KMG PetroChem студенттердің өндірістік және диплом алдындағы практикаларға, сондай-ақ өз объектілерінде тағылымдамаларға қатысуын қамтамасыз етеді және оларды одан әрі жұмысқа орналастыруда қолдау көрсетеді. Ал жоғары оқу орындары студенттерге кешенді қолдау көрсетеді, атап айтқанда, оқу бағдарламаларын бейімдеуге көмектеседі және бірлескен білім беру және ғылыми іс-шараларды ұйымдастыру үшін алаң ұсынады, бұл өз кезегінде барлық деңгейлерде тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз етеді.
Анықтамалық ақпарат:
«KMG PetroChem» ЖШС – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-тың 100 пайыз еншілес кәсіпорны. Кәсіпорын ҚМГ тобында мұнай-газ химиясы саласындағы жобаларды іске асырады және үйлестіреді. «KMG PetroChem» қызмет саласына полиэтилен зауыты мен газ бөлу кешені, сондай-ақ ТФК/ПЭТ, карбамид сияқты перспективалы мұнай-газ-химия жобалары кіреді.